2012 жылы Қазақстанның сот сараптамалық орталығы халықаралық стандарттарға сай болады ? Қ.Аманқұлов
14:19, 18 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстанның сот сараптамалық орталығы 2012 жылы халықаралық стандарттарға толығымен сәйкес келетін болады.
Бұл туралы бүгін еліміздің сот сараптамасының келешегі мәселелері талқыланған халықаралық деңгейдегі басқосуда ҚР Әділет министрлігі «Сот сараптамасы орталығының» директоры Қайрат Аманқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның атап көрсеткеніндей, бүгінде сараптаманың сапасы қажетті деңгейде емес және әдістемеге сәйкес келмеу кемшіліктер де бар. «Әрине, халықаралық стандарттарға сай болу бір күнде жасалатын іс емес. Оған сәйкес келу үшін Орталық - экологиялық, есірткі, тауар, автотехника және компьютерлік технологиялар зерттеулерін жетілдіру қажет», - деді ол. Халықаралық аккредитацияны алу үшін үш бағыт - ғылыми-әдістемелік зертеу жұмыстар, оқу-әдістемелік жұмыстар мен техникалық база әлемдік стандарттарға сай болуы тиіс. Қ.Аманқұловтың айтуынша, «Сот сараптамасы орталығының» техникалық базасы бұл талаптарға сәйкестендірілді. Алдағы 2010-2011 жылдарға белгіленген басты мақсат қалған екі бағытты жетілдіру. Бұл орайда, шетелдік ғалымдардың тәжірибесі негізінде республикадағы барлық сот сараптамалық мекемелерді қашықтықтан оқыту жүйесіне қосу. «Қыруар қаржы бөліп, бір ғана маманды шетелге оқытуға жібергеннен гөрі, аталмыш әдіс экономикалық жағынан анағұрлым тиімді», - дейді ол. 2012 жылы қазақстандық сот сараптамасының сапасы әлемдік деңгейде мойындалатын болады деп күтілуде.