2012 жылы Лондонда өтетін Олимпиада ойындары бағдарламасына әйелдер арасындағы бокс та қосылуы мүмкін

АСТАНА. Шілденің 4-і. ҚазАқпарат -  2012 жылы Лондонда өтетін Олимпиада ойындарында әйелдер боксы 3 салмақ санаты бойынша қосылуы мүмкін. Алматы қалалық бокс федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы 51, 60 және 75 кг салмақ санатын бекіткен,

деп хабарлайды ҚазАқпарат sport.gazeta.kz сайтына сілтеме жасап.

Халықаралық Олимпиада комитетінің Бағдарламалық комитеті бұл ұсынысты осы айда Берлинде өтетін отырысында қарайды. Ал осы мәселеге байланысты нақты шешімді ХОК Атқару комитеті ағымдағы жылдың қазан айында шығарады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әйелдер боксын Бейжіңде өткен Олимпиадалық ойындарға қосуға талпыныс жасалып, бірақ сәтсіздікке ұшыраған еді. Ол кезде ХОК әйелдер боксы әлемде кең тарай қойған жоқ  деп  есептеген болатын. Егер осы жолы аталған комитет оң шешім шығарса, онда 2012 жылғы Олимпиадалық ойындарға әйел боксшыларды біліктілік жағынан іріктеу 2010 жылы қазанда Барбадоста өтетін әлем чемпионаты болатыны анық.