2012 жылы мемлекетке келтірілген 434 млрд. теңге шамасындағы залалдың жолы кесілді - Бас прокурор

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат 2012 жылы прокурорлармен қабылданған шаралардың арқасында мемлекетке 123 млрд. теңге қайтарылып, 434 млрд. теңге шамасындағы мемлекетке келтірілуі мүмкін залалдың жолын кесілді.

 Бұл туралы бүгін ағымдағы жылды қорытындылауға арналған кеңейтілген алқа отырысында ҚР Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев мәлім етті.

«Атқарушылық өндірісте бюджетке нақты қайтарылған соманың өзі 19 млрд. теңгені құрайды. Прокуратура тексерістерінің нәтижесінде мемлекетке шамамен 16 мың гектарды құрайтын 100-ге тарта жер учаскелері қайтарылды. Бұлардың кадастрлық құны 215 миллиард теңге шамасында болып отыр», - дейді Асхат Дауылбаев.

Оның айтуына қарағанда, 2012 жылы прокуратура органдарымен заңсыз сот актілеріне наразылық білдіру жолымен 33,5 млрд. теңгені құрайтын азаматтық және әкімшілік істер бойынша мемлекеттің материалдық мүдделері қорғалған.