2012 жылы сот жүйесін жаңғырту шаралары жүргізіледі

АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - Елбасы Жолдауында анықталған бағыттың бірі сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту болып табылады.

Ел Президенті сот жүйесін жаңғырту, қылмыспен және жемқорлықпен күресті күшейту жөніндегі міндет қойды, деп хабарлайды pm.kz сайты.

«Судьялар жасағын қалыптастырудың тәртібін түбегейлі түрде қайта қарау қажет... Биыл жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексін, жеке детективтік қызмет туралы заң жобасын дайындауды аяқтау қажет. Маңызды мәселе - құқық қорғау және арнаулы органдарды сапалы кадрлық жаңарту», - деп мәлім етті Елбасы өз Жолдауында.

2012 жылы құқық қорғау және арнайы органдардың бүкіл жеке құрамын қайта аттестаттаудан өткізіледі, Біртұтас экономикалық кеңістікте трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен күресті күшейту үшін Интерпол үлгісімен Еуразпол - Еуразия полициясын құру жөніндегі ұсыныс әзірленеді.

Оған қоса, ҚР Президенті Үкіметке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді бағдарлама дайындап, ұсынуды тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, 27 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің 2012 жылғы даму басымдықтары анықталған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жасады.