Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төреліктің және аралық соттың қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндаған Әділет министрі Берік Имашев осылай мәлім етті.
Министрдің мәліметі бойынша, елімізде 2010 жылы соттар шамамен 700 мыңға жуық азаматтық істі қараған. Бұл ретте, қаралған азаматтық істердің жалпы санының 75 пайызы талап қою, шағымдану істерін жүргізуді құрап отыр. Ал, 2011 жылы соттар қараған 500 мыңнан астам азаматтық істің 74 пайызы да талап қою, шағымдану бойынша істерді құрайды.
«Былтыр да 500 мыңнан астам азаматтық іс соттарда қаралса, олардың 70 пайызы талап қою бойынша іс жүргізуді құраған. Осы көрсеткіштердің өзі бүгінгі күні соттарда азаматтық істерді қараудың жүктемесі аса үлкен екенін көрсетеді. Осы ретте тоқтала кететін жәйт, 2011 жылы аралық соттар тек 22 істі, ал төрелік 3 істі ғана қараған. Сондықтан да біздің пікірімізше, аралық соттардың және төреліктің құзіретін кеңейту мемлекеттік соттардың жүктемесін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді»,-деді министр Б. Имашев.