2012 жылы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаппай жаңғыртыла бастайды

АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат. 2012 жылдың негізгі міндеті ТжКБ жаңғырту жобасын нәтижелі жүзеге асыру, Ұлттық біліктілік жүйесін құру болып табылады,

деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Қадырбек Бөрібеков Pm.kz сайтына берген арнайы сұхбатында.

«2012 жылдың негізгі міндеті Дүниежүзілік банктен алынған займның есебінен ТжКБ жүйесін жаңғырту жобасын нәтижелі жүзеге асыруды қамтамасыз ету, Ұлттық біліктілік жүйесін құру, сондай-ақ білім беру жүйесіне кәсіптік стандарттар енгізу болып табылады», - деді Қадырбек Бөрібеков.

Бұл процедураларға жұмыс берушілер, ҮЕҰ өкілдері және ұлттық біліктілік құрылымдарын жасауда тәжірибелері бар халықаралық сарапшылар тартылатын болады.

Айта кету керек, ағымдағы жылы ТжКБ оқу орындары туралы жаңа ереже қабылданады, себебі 2011 жылы «Білім беру туралы» Заңға аталмыш оқу мекемелерін бірыңғай типке - колледждерге ауыстыру туралы өзгерту енгізілді. Бұл процесс ағымдағы жылы қолға алынбақ.

Қ.Бөрібековтің айтуынша, ТжКБ ұйымдарында басқару жүйесін жаңғырту және жан басы бойынша қаржыландыру жүйесін Павлодар мен Ақмола облыстарындағы оқу орындарында ілкі режимде сынақтан өткізу қарастырылған.

Оған қоса,оқу мекемелерінің менеджерлері мен оқытушыларын дайындау және біліктілігін арттырудың көмегімен оқу орындарын қолдау және әр мамандық бойынша 350 мың доллар көлемінде 68 оқу мекемесіне грант беру түрінде материалдық-техникаларын базаларды жақсарту жөніндегі шаралар жоспарланып отыр.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының желісі 2011 жылы 896 бірлікті құрады, бір жылдың ішінде 14 оқу орнына көбейді. Онда 609 мың адам оқуда.