2012 жылы теңгенің АҚШ долларына бағамы 147,50-150,86 теңге аралығында ауытқыды - Ұлттық банк

АЛМАТЫ. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко Қазақстанда валюта нарығындағы ахуал төрт жыл бойы тұрақты болып келе жатқандығын атап өтті.

«2012 жылы Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлем оның алдыңғы жылмен салыстырғанда 21,6 пайызға төмендеп, 55,4 млрд. доллар болды. Операциялардың ең аз көлемі қаңтарда, ең көбі тамызда байқалды. Биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 31,2 пайзға төмендеп, 26,9 млрд. долларды құрады. Операциялардың ең аз көлемі наурызда, ең көбі желтоқсанда байқалды», - дейді Григорий Марченко.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, 2012 жылы теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы 1 доллар үшін 147,50-150,86 теңге ауқымында өзгерді. Теңгенің долларға қатысты айырбастау бағамы номиналды көріністе 1,6 пайызға әлсіреді және жылдың аяғында 1 доллар үшін 150,74 теңге болды. Тұтастай алғанда ішкі валюта нарығындағы сауда-саттық көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 25 пайызға төмендеп, 82,3 млрд. долларды құрады.