2012 жылы теңіз көліктерінде 9 апаттық жағдай орын алды - ҚР ККМ

АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанда шағын су кемелері мен теңіз флоты саны артты.

Бұл туралы Павлодарда өткен 2012 жылғы навигация кезеңіндегі кеме  қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының қорытындысына арналған жиналыста айтылды.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жиналыста  шағын кемелер қатарының  көбеюіне орай әкімшілік құқық бұзушылықтардың және бұзушылықтарға салынған айыппұлдардың да саны артқаны айтылды.

Ағымдағы жылы 722 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып (2011 ж. - 666), 4 млн. теңге көлемінде  айыппұл салынған (2011 ж. - 3 млн.51мың).

2012 жылдың басынан республикада теңіз көлігінде 9 апаттық жағдай, өзен көлігінде 3 көлік оқиғасы  және  шағын флотта 12 оқиға  орын алды.  Шағын су кемелеріндегі апат салдарынан 14 адам қайтыс болса (2011 ж. - 14),  4 адам із-түссіз жоғалғандар  қатарында (2011 ж. - 2), 1 адам зардап шекті (2011 ж. - 1). Ал, теңіз және өзен флотында  орын алған апаттардан адамдар зардап шеккен жоқ.

Шағын су кемелерінің қатысуымен жиі орын алатын көліктік оқиғалар қатарында тіркелмеген, техникалық байқаудан өтпеген кемелерді пайдалану,  кемені кеме жүргізуге рұқсат беретін құжатсыз басқару,  құтқару құралдарының  болмауы,  кемелерді түнгі мезгілде  жүргізу, сонымен бірге қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамау секілді бұзушылықтар жиі кездеседі.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің Су көлігі басқармасының бастығы Арлан Закарьяновтың айтуынша, навигация маусымы аяқталғанымен, су көліктерінің қатысуымен болатын апаттардың орын алуы мүмкіндігі сақталады. Осыған орай, аймақтық көліктік бақылау органдарына навигация аралық маусым - күз және көктем мезгілдерінде су бетін мұз жамылғыларынан толық  тазартпайынша, шағын кемелердің қолданылуына жол бермеу мақсатында су қоймаларына  бақылау жүргізуді күшейту  тапсырылды.  Сонымен бірге, қысқы тұраққа қойылған кемелерді тексеріп, олардың навигациялық жабдықтарының жағдайына мониторинг жүргізу тапсырылды.

Жиналысқа қатысушылардың пікірінше, өзге де жауапты мемлекеттік  органдармен бірлесіп, навигация кезінде кемедегі өртті сөндіру, төтенше жағдайлар кезіндегі  шұғыл әрекеттер бойынша  шұғыл-тактикалық оқуларды секілді  басқа да  шараларды  ұйымдастыру теңіз және өзен флотындағы апаттар санын азайтуға септігін тигізер еді.

Анықтама:

Қазақстанда 290 теңіз, 826 өзен және  29 374 шағын су кемелері (шағын су кемелерінің қатарына: гидроциклдер,  моторлы қайықтар, катерлер, есу қайықтары,үрмелі қайықтар мен катамарандар, желкенді  қайықтар кіреді) тіркелген.

2005 жылдан бері шағын су кемелерінің  саны 70% немесе 12 мың бірлікке,  теңіз флотының  саны 2,7 есе немесе  180 кемеге көбейді.