АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2012 жылы жоспардағы 180 мың шаршы метрдің орнына 220 мың шаршы метр жалгерлік тұрғын үй салынды. ҚР Премьер-Министрі ресми сайтының хабарлауынша, бұл туралы бүгін ҚР Құрылыс және ТКШ агенттігі төрағасының орынбасары Николай Тихонюк «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Орталық филиалының ашылуына арналған баспасөз конференциясында мәлім еткен.
«2012 жылы жалгерлік тұрғын үй салу жоспары артығымен орындалды, жоспардағы 180 мың шаршы метрдің орнына 220 мың шаршы метр жалгерлік тұрғын үй салынды, бұл 4 мыңнан астам әлеуметтік жағынан қорғалмаған қазақстандыққа жалгерлік үйдің иесі болуға мүмкіндік береді», - деді Н.Тихонюк.
Жалпы, жоспарланған 6 млн. шаршы метрдің орнына 2012 жылы 6,5 млн. шаршы метр тұрғын үй салынған.
2013 жылға арналған міндеттердің арасында ҚТКША төрағасының орынбасары тұрғын үй құрылыс жинағы және соңынан сатылып алынатын жалгерлік тұрғын үй жүйесін дамытуды, сонымен қатар 7 млн. шаршы метр тұрғын үй құрылысын салуды атады.
Марлан Жиембай
Абай облысының Аягөз ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. 2005 жылдан бері "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істейді.