2012 жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының 7 мың қатысушысы шағын несиелер алады

АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат -  «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша азаматтарға өз істерін ұйымдастыруға көмектесу, сол арқылы олардың экономикалық белсенділігін арттыру мақсатында ауыл кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі шаралар

кешені қарастырылуда. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2012 жылы бағдарламаның 7 мыңдай қатысушысы шағын несиелер алады жеп жоспарлануда. 

«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев Жұмыспен қамту бағдарламасын кең ауқымда жүзеге асыруды бастау туралы міндет қойды. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бағдарламаның екінші бағытында, яғни «Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды қолдау» бойынша ағымдағы жылы 6543 адам кәсіпкерлік негіздерін тегін оқып-үйренеді, ол үшін 343,4 млн. теңге қаржы қарастырылған. Сонымен қатар, бағдарламаның 6912 қатысушысы 9 535,4 млн. теңге соманың шағын несиелерін алатын болады. 

Оған қоса, бағдарламаның 1934 қатысушысының жобалары бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамытуға 2 472,3 млн. теңге қаржы қарастырылып отыр. 

Тағы бір айта кететін жайт, бағдарламаның аталмыш бағыты бойынша тетіктерді әрі қарай жетілдіру жөніндегі бірқатар шаралар қабылданбақ. Атап айтқанда, шағын несиелерді тек ауыл тұрғындарына ғана емес, облыс орталығы емес қалалардың тұрғындарына да беру ұсынылуда. Ал облыс орталықтарында, Астана және Алматы қалаларында аталған қалалардың аумағына кіретін ауылдық елді-мекендердің тұрғындарын шағын несиелермен қамту жоспарлануда. 

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жетілдіру жөніндегі аталған шаралар ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыруға, олардың табыс деңгейлерін көтеруге, сондай-ақ қарқынды дамушы еңбек нарығын құруға мүмкіндік береді.