темір жол көлігінің қызметтеріне қол жеткізуді реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Келісімнің мақсаты - Кеден одағына қатысушы әрбір мемлекет аумағы арқылы тасымалдарды жүзеге асыру кезінде темір жол көлігінің қызметтеріне тараптар мемлекеттерінің тұтынушыларының қолайлылығын қамтамасыз ету болып табылады. Бұдан бөлек, заң жобасымен темір жол көлігі ұйымдары арасында экономикалық мүдделер теңгерімін сақтау, сондай-ақ бір тарап мемлекетінің темір жол көлігінің ұйымдары екінші тарап мемлекетінің темір жол көлігі қызметтерінің ішкі нарығына қол жеткізуіне жағдай жасау шаралары қарастырылады. «Келісім аясында бірқатар өзекті жағдай қарастырылып отыр. Біріншіден - тарифтерді бірізділендіру. Бұл ретте 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеден одағы шеңберіндегі үш тарифтің орнына біріздендірілген бір ғана тариф қолданылады. Бұл біз үшін аса оңтайлы өтпелі кезең болып табылады, өйткені біз алдағы екі жыл ішінде бірыңғайлау үдерісін өткеріп бітетін боламыз. Бүгінгі күні Ресейде тарифтердің 90 пайызы біріздендірілді. Қазақстандағы бұл көрсеткіш - 40 пайыз болса, ал Беларусь жағы бұл шараға әлі кіріскен жоқ», - деді Көлік және коммуникация вице-министрі Азат Бектұров.
Оның айтуынша, отандық жүк жөнелтушілерге ауыртпашылықты төмендету мақсатында әрбір тарап тарифтік біріздендіруді өз бетінше әрі сатылап жүргізетін болады. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап тарап мемлекеттер аумағынан екінші тарап мемлекетінің аумағы арқылы үшінші елдерге жүктерді тасымалдау кезінде біріздендірілген тарифті қолданатын болады.
Аталған келісім 2010 жылы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында Қазақстан, Беларусь, Ресей елдері арасында жасалған болатын.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.