2013 жылдың қаңтарынан автомобильді техникалық байқаудан өткізу үдерісінде міндетті бейнебақылау жүргізіледі - ККМ

АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2013 жылдың қаңтарынан автомобильді техникалық байқаудан өткізу үдерісінде міндетті бейнебақылау жүргізілетін болады.

Бұл туралы  ҚР Көлік және коммуникация министрлігі таратқан ақпаратта айтылған.

«Техникалық байқаудан «сырттай» өту мүмкіндігін болдырмау үшін ТБ ұйымдастыру  және өткізу Ережесіне өзгертулер енгізілді: бұрын енгізілген міндетті фото тіркеуден  бөлек, автомобильді техникалық байқаудан өткізу процесіне  міндетті  бейнебақылау жүргізу енгізілді. 2013 жылдың қаңтарынан бастап аталған талаптар заңды күшіне енеді және техникалық байқау  өткізуде міндетті болып табылады», - делінген ведомство ақпаратында.  

Жалпы бүгінгі  таңға 619 стационарлық және мобильдік желіден тұратын 297 техникалық бақылау орталығының жұмысы ұйымдастырылған. Ағымдағы жылдың басынан бері республика бойынша 2012 жылы техникалық байқаудан өтуі тиіс 2 млн 155 мың  автокөлік құралының 1 млн 478 мыңы өткен. ТБО тарапынан заңсыз әрекеттерге жол бермеу мақсатында автокөлікті  пайдалану қауіпсіздігіне тікелей әсер етпейтін визуалды бақылау параметрлерінің тізімі 51-ден 39-ға дейін қысқартылды. Сонымен бірге техникалық байқаудан өту үшін сақтандыру полисін ұсыну  міндеті де алынып тасталды. 

«Техникалық байқаудан өтудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында  барлық  ТБО-ларды біріктірген «Техникалық байқау» бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізілді. Қазіргі уақытта аталған жүйе тесттік тәртіпте жұмыс істеп тұр. Бұл жүйенің көмегімен  техникалық байқаудан өткені  туралы 1102 куәліктің жалған берілгені  анықталды», - делінген хабарламада.