18:43, 19 Қараша 2013
2013 жылдың маңызды қорытындысы - ол ауыл әкімдерінің сайлануы - Ғ.Әбдірахымов
АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - 2013 жылдың маңызды қорытындысы - ол ауыл әкімдерінің сайлануы. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов айтты.
«2013 жылдың тағы бір маңызды қорытындысы - ол ауыл әкімдерінің сайлануы және жергілікті өзін-өзі басқару мүмкіндіктерін кеңейту. Ауылдағы халықтың ықпалын арттыру мақсатында Елбасы 2013 жылдан бастап ауыл әкімдерін сайлауды және жергілікті өзін-өзі басқару мүмкіндіктерін кеңейтуді тапсырды», - деді ол. Ғ.Әбдірахымов өз сөзінде 2013 жылдың тамыз айында Қазақстан тарихында алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өткендігін атап өтті. «Жергілікті халықпен талқыланғаннан кейін мәслихаттар 7 мың үміткерден 2457 әкімді 4 жылға сайлады, бұл 7,5 миллион қазақстандықтарды қамтитын елді мекендер. Осылайша, халықпен тікелей жұмыс істейтін және негізінен жергілікті проблемаларды шешетін барлық әкімдер сайлаудан өтті»,- деді ол.