2013 жылдың ортасынан бастап «Астана-Щучье» автомагистралімен жүру ақылы болады

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Келесі жылдың ортасынан бастап «Астана-Щучье» автомагистралінде ақылы жол жүру жүйесі енгізілетін болады, деп хабарлады ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автокөлік жолдары комитеті төрағасының орынбасары Данияр Нұрманов.

«Қазір «Астана-Щучье» ақылы автомагистралі» жобасы жүзеге асырылуда. Ақы төлеу жүйесін орнатудың құрылыс-монтаж жұмыстары жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ақы төлеуді 2013 жылдың шілде айынан бастамақпыз», - деді Д.Нұрманов.

ҚР Премьер-Министрінің ресми сайтының хабарлауынша, ақылы жолдың Астана мен Щучьеге таяу маңдағы басталатын және аяқталар тұсында көлік құралдары қозғалысын бақылауға арналған ақы төлеу пункттері орналасатын болады. Ақыны қолма-қол ақшамен немесе банк карточкасы арқылы төлеуге болады. Автокөлік жолын күтіп ұстауға арналатын жол ақының ең төменгі құнын белгілеу жоспарланған.

Көлік ведомствосы өкілінің айтуынша, автокөлік жолына ақы төлеу жүйесі шетелдердің ашық және жабық ақы төлеу жүйесі қолданылатын тәжірибесіне сүйене отырып қабылданған. «Дамыған елдерде алыстан ақы төлеу жүйесі кеңінен қолданылады», - деп атап өтті Нұрманов.

ҚР Үкіметі көлік-коммуникациялық кешенді жетілдіру мақсатында көлік қызметіне деген сұранысты толық көлемде қанағаттандыруға қабілетті көлік инфрақұрылымын дамытудың салалық бағдарламасын қабылдаған болатын.