2013 жылдың тамызында қазақстандық өнімдерді кемсітуші елдер үшін «айна» шаралары жасалады

АСТАНА. 30 шілде. ҚазАқпарат - Тамыздың ортасына дейін қазақстандық өнімдерге кемсітуші акциздерді енгізген елдерге қатысты «айна» шараларын енгізу тетігін жасау қажет, деп хабарлады Премьер-Министрдің орынбасары, индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Экспортшылар кеңесінің отырысында. Бұл туралы primeminister.kz сайтынан хабарлады.

«Экономика министрлігі, Индустрия министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан өнімдеріне кемсітуші шаралар қолданатын елдерге қатысты «айна» шараларын қолдану мүмкіндігі бойынша ұсыныстар енгізсін... Қазақстандық өнімдерге акциздер енгізген елдерге «айна» шараларын енгізу мәселелерін талқыладық», - деді Ә.Исекешев.

Осылайша, вице-премьер министрліктерге қыркүйекке қарай бұл ұсыныстарды Үкімет қарай алатындай үстіміздегі жылдың 15 тамызына дейін ұсыныстар енгізу керектігін атап өтті.

Сонымен қатар, Индустрия министрлігінің басшысы аталған шаралар бекітілетін өнімдер тізімін жасауды тапсырды. «Бізге жеткізілетін және біз шығаратын акциздер енгізілген тауарларды қарап, ұсыныстар енгізу керек», - деп толықтырды Индустрия министрлігінің басшысы.