2013 жылға қарай адам басына шаққанда ІЖӨ 10 822 АҚШ долларына жетеді - Б. Сұлтанов

АСТАНА. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2009 жылы нақты ішкі жалпы өнімнің өсімі 1 пайыз деңгейінде болжанып отыр.

Бұл көрсеткіш бұдан бұрынғы болжамға қарағанда 1,7 пайыздық пунктке төмен. Бүгін Үкімет отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «2009 жылы ІЖӨ өсімі көрсеткішінің төмендеуі өнеркәсіптік өнім өсімі қарқынының бәсеңдеуіне, қызмет көрсету саласы мен құрылыс көлемінің қысқаруына байланысты», - деді министр. Оның сөзіне қарағанда, 2013 жылға қарай адам басына шаққанда ІЖӨ 10 822 АҚШ доллары көлемінде болжануда. Министрдің айтуынша, 2009 жылға республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы 1 триллион 529 миллиард теңгені құрайды. Атап айтқанда, бұл көрсеткіш бұрынғы болжамға қарағанда 371,1 миллиард теңгеге аз. Сондай-ақ 297,4 миллиард теңгеге бөлек шығыстардың артуы қарастырылып отыр. 2009 жылы бюджеттің түсімі 2 837,4 миллиард теңгені құрайды. Бұл бекітілген бюджетке қарағанда 23,4 миллиард теңгеге аз. Бюджеттің шығыстары 21,2 миллиард теңгеге қысқарып, 3 411,0 миллиард теңгені құрамақ. Сонымен бірге республикалық бюджеттің дефициті 573,6 миллиард теңгеге жетті.