2013 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресейде қоғамдық телевидение жұмыс жасай бастайды

АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - РФ Президенті Дмитрий Медведев 2013 жылғы 1 қаңтардан жұмыс істей бастайтын қоғамдық телевидение құру туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.

Бұл туралы мемлекет басшысы «ашық үкімет» форматындағы пікірсайыс барысында млімдеді.

Жарлықта алғашқы кезеңде Қоғамдық телевидение несиелік желі есебінен, кейіннен эндаумент арқылы қаржыландырылатыны көзделген.

Сондай-ақ қоғамдық телевидение бойынша кеңес бекітіледі, оның құрамына әртүрлі қоғамдық күштер тартылмақ. Құжатта Қоғамдық телевидение кеңесінің құрамына мемлекеттік қызметкерлердің енгізілуіне тыйым салынатыны көрсетілген.

Қоғамдық телевидениені құрудың қажеттігі туралы Д.Медведев 2011 жылғы желтоқсанда Федералдық жиналысқа жолдауында мәлім еткен болатын. Осы жоба бойынша байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі, сондай-ақ Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия өз ұсыныстарын әзірледі.

Қоғамдық телевидение адал және халыққа сүйікті болуы тиіс, деп пайымдайды Мемлекеттік думаның вице-спикері Людмила Швецова. «Қоғамдық телевидение адамды кемсітпей, қайта ардақтай білуі, оның қадір-қасиетін, зияткерлігін, рухани, мәдени көзқарастарын көтермелеумен қатар, басқа ұлттар мен діндерге төзімділікке, тарихқа, дәстүрлерге сүйіспеншілікке, Отанды сүюге тәрбиелеуі тиіс», - деді ол ИТАР-ТАСС тілшісіне берген сұхбатында.