2013 жылғы наурызда халықтың ақшалай табыстарының өсуі байқалады

АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - 2013 жылғы наурызда халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары алдын ала берілген деректер бойынша 55264 теңгені құрап, 2012 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 10,6%-ға артты. Нақты ақшалай табыстар 3,6%-ға өсті. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінен хабарланды.

2013 жылғы наурызда орташа жан басына шаққандағы ақшалай табыстардың көлемі бойынша Атырау облысы, Алматы қаласы және Маңғыстау облысы алдыңғы қатарда. Мұнда осы көрсеткіш орташа республикалық деңгейден 2,3 -1,8 есеге артық.

Биылғы наурызда табыстары ең төмен өңірлер қатарында Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары белгіленді, осы өңірлерде халықтың табыс мөлшері республикалық деңгейден 59,2%-дан 78,1%-ға дейін құрады. Сонымен бірге, халықтың нақты ақшалай табыстарының ең көп өсу қарқыны Алматы және Қарағанды облыстарында белгіленді.

2013 жылғы наурызда өңірлер бойынша атаулы ақшалай табыстардың ең жоғары және ең төмен мөлшерлері арасындағы арақатынас 3,9 есені құрады (2012 жылғы наурызда - 3,9 есе).