2013 жылғы тамызда халықтың ақшалай табыстары 56 399 теңгені құрады

None
АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат - 2013 жылғы тамызда халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары алдын ала берілген деректер бойынша 56399 теңгені құрап, 2012 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 7 пайызға артты. Нақты ақшалай табыстар 1,1 пайызға өсті. Бұл туралы бүгін ҚР Статистика агенттігінен хабарланды.

2013 жылғы тамызда орташа жан басына шаққандағы ақшалай табыстардың көлемі бойынша Атырау облысы, Алматы және Астана қалалары алдыңғы қатарда, мұнда осы көрсеткіш орташа республикалық деңгейден 2,2-1,8 есеге артық.

«Биылғы тамызда табыстары ең төмен өңірлер қатарында Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары белгіленді, осы өңірлерде халықтың табыс мөлшері республикалық деңгейден 62,6 пайыздан 79,1 пайызға дейін құрады. Сонымен бірге, халықтың нақты ақшалай табыстарының ең көп өсу қарқыны Астана қаласында және Маңғыстау облысында белгіленді», - делінген агенттік мәліметінде.
2013 жылғы тамызда өңірлер бойынша атаулы ақшалай табыстардың ең жоғары және ең төмен мөлшерлері арасындағы арақатынас 3,5 есені құрады (2012 жылғы тамызда - 3,7 есе).