2013 жылы Астана мен Алматы қалаларында 4G ұялы стандарты енгізіле бастайды

ТАНА. 5 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2013 жылы Астана және Алматы қалаларында 4G ұялы байланыс стандарты енгізіле бастайды.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен кездесу барысында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті.

«2015 жылға қарай бүкіл республика аумағы телефон байланысының CDMA технологиясымен қамтылатын болады. Бұл ретте ел аумағында жалпы саны 900 базалық станса орнатылады. Бүгінгі күні еліміздің барлық қалаларында және тұрғындар саны 1000-нан асатын елді мекендердің 85 пайызында ұялы байланыс қызметі көрсетіліп келеді. Бұндай адам саны мыңнан асатын ауылдар 1961 болса, 2013 жылға қарай осы санаттағы барлық елді мекендер ұялы байланыс қызметімен қамтылады», - дейді А. Жұмағалиев.

Сөз арасында министр ұялы байланыс операторлары лицензиялық міндеттеріне сәйкес 3G стандарттарын енгізуді де орындап келе жатқанына тоқталып өтті. Мәселен, бұл стандарт қазіргі таңда Астана мен Алматы қалаларында, облыс орталықтарында қызмет көрсетуде. Ал 2013 жылға дейін 50 мың және одан да көп тұрғындары бар қалалардың бәріне осындай жүйе қызмет көрсетпек. Ал бұл стандарт 2015 жылға дейін 10 мың тұрғыны бар елді мекендерде жұмыс істейтін болады. «Мемлекеттік комиссия «Қазақстелеком» АҚ-ға 4G ұялы стандартын енгізу үшін радиожиілік бөлу туралы шешім қабылдады. Аталған шешімге сәйкес, 2013 жылдың қаңтарына дейін Астана, Алматы қалалары, 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін облыс орталықтары, 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғындар саны 50 мыңнан асатын елді мекендер 4G стандартына көшетін болады», - деді А. Жұмағалиев. Оның сөзіне қарағанда, 4G 2018 жылға таман аудан орталықтарына, елді мекендерге де беріле бастайды.