2013 жылы Астанада 17-ге тарта көше жөнделеді
«Осы маусымда 115 шақырым жолға жөндеу жүргізіп, оның ішінде 40 шақырым жолды жаңадан салып, - 35,6 км жаңалап; 17 км жөндеу жоспарлануда. Сондай-ақ, тұрғын үй алаптарына тартылған 21,8 км жол бөлігі аяқталады», - деп хабарлайды Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.
Қаланың ескі бөлігінде орналасқан барлығы 17-ге тарта көшені жөндеу жоспарланған.
2013 жылы «ескі қаладағы» негізгі үш көшені: Есенберлин к-сі (Жеңіс даңғылынан Бейбітшілік к-сіне дейін), Мәскеу (Жеңіс даңғылынан Әуезов к-сіне дейін), Жангелдин к-сі (Жеңіс даңғылынан Бейбітшілік к-сіне дейін) жөндеу көзделген.
Сонымен қатар, 4 көше қиылысында жол қозғалысын жеңілдету үшін оң жаққа айналып жүретін жолдар салынады. Олар: Республика даңғылы - Абай көшесі, Республика даңғ. - Кенесары к-сі, Сарыарқа даңғ. - Кенесары к-сі және Бөгенбай даңғ. - Уәлиханов к-сі.
Жалпы ұзындығы 35 км. кіші көлік айналма жолының құрылысы жалғасуда. Оның 17 шақырымы салынып бітті. Биыл тағы 6 шақырым салынады. Жұмысты алдағы екі жылда толық аяқтау жоспарлануда. Осы жоба аясында Бейсекова к-сі мен Қорғалжын тас жолын Тілендиев даңғылына дейін жөндеу жүзеге асырылады. Бұл учаскеде 360 саяжай мен 800-ге тарта гараж орналасқан. Қазіргі кезде осы жерде жұмыстар басталып кетті.
Тұтастай алғанда, Астанада «ЕХРО-2017» көрмесін өткізетін уақытқа дейін 335 км жол салынатын болады. Сондай-ақ, Тельман кентінде Есіл өзені арқылы өтетін 2 көпір салынады.