2013 жылы Астананың Индустриалдық паркі аумағында 8 ірі жоба іске асырылмақ
12:36, 22 Қаңтар 2013
АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - 2013 жылы Астананың Индустриалдық паркі аумағында 8 ірі индустриалдық жоба іске асырылады, осылайша 800 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұл туралы «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын әкімшілендіру басқармасынан хабарланды.
Елорданың ресми сайтының жазуынша, бұл жобалар электрондық-оптикалық құралдарды, жылуды бақылау құралдарын, түнде бақылау құралдарын, жайма шыныларды, шыныдан жасалған бұйымдарды, шыныдан және алюминиден жасалған қабырға панельдері мен витраждарды, ірі панельді темір бетон бұйымдарын, трансформаторлы қосалқы стансаларды шығаруға бағытталған.
Естеріңізге сала кетейік, Астананың Индустриалдық паркі аумағына тек өткен жылы 12 жоба тартылып, 400 жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінгі таңда парк аумағында 45 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.