2013 жылы ел Парламенті 95 заң қабылдады

None
АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2013 жыл - Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асырудың алғашқы жылы. Осы 2013 жыл ел Парламенті 95 заң қабылдады. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.

«Олардың ішінде 9-ы дербес, жаңа заңнамалар болса, 39-ы қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, 47-і халықаралық шарттар мен келісімдерді ратификациялау туралы болды. Соның ішінде «Қазақстан-2050» стратегиясындағы міндеттер айқындалған Елбасы жолдауын жүзеге асыруға бағытталған құжаттар ретінде «Мемлекеттік қызметтер туралы», «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы», «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «2014-2016 жылдарға арналған жалпы сипаттағы жергілікті бюджеттерге трансферттер ауқымы туралы», «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы», «Астанада ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу мен ұйымдастыру мәселелері туралы» Парламент қабылдаған заңдарды атауға болады», - делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар, Парламентпен 47 халықаралық келісімшарттар ратификацияланған. Олардың арасында Кеден одағы қызметін заңнамалық қамтамасыз етуге бағытталған келісімшарттар, ТМД мүше-мемлекеттерінің ынтымақтастығын дамыту, ҰҚШҰ аясында ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізінің құрылысы секілді маңызды құжаттар қамтамасыз етілді. Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық қауымдастық мүшелерімен ынтымақтастықты дамыту мәселелерінің кең ауқымын қарастыратын екіжақты және көпжақты құжаттар ратификацияланды.