2013 жылы еліміздегі экономиканың өсуі қарқыны әлдеқайда тұрақты болуы тиіс - Экономика министрі

АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат - Біздің бағалауымызша, 2013 жылы экономиканың өсуі қарқыны әлдеқайда тұрақты болуы тиіс.

Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев осылай айтты.

«Кейбір салаларда төмен базаның және мұнай өндірісі көлемінің күтілетін өсімін ескере отырып, біз ағымдағы жылы ішкі жалпы өнімнің өсімін жоспарланған алты пайыздық деңгейде күтеміз. Орта мерзімді кезеңге арналған болжам туралы айтсақ, алдағы жылдары экономиканың нақты өсімі 6 - 7,6 пайыздық мөлшерде болжанады. Бұл жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің өсімін 20 мың АҚШ доллары көлемінде жоспарлауға мүмкіндік береді», - дейді министр.

Оның айтуынша, ішкі сұраныстың артуы ЖІӨ өсімінің негізгі көзі болмақ. Осыны есепке ала отырып, жылына орта есеппен 6,5-6,8 пайыз қарқынмен өсетіні болжанады.