2013 жылы Қазақстанда ересектер арасында бокстан Әлем чемпионаты өтетін болды

АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат -«Қазақстан бокс федерациясы» мен Халықаралық бокс қауымдастығы (АИБА) 2013 жылы Қазақстанда ересектер арасында бокстан Әлем чемпионатын өткізу туралы келісімге қол қойды.

Аталған құжатты бекіту рәсіміне «Қазақстан бокс федерациясының» президенті Тимур Құлыбаев пен АИБА президенті Чинг-Куо Ву қатысты.

Т. Құлыбаев осы құжатқа қол қою атаулы оқиға екенін айта келе, «Менің ойымша, бокстан Әлем чемпионатын өткізу арқылы еліміздің боксшыларына және көрермендер қауымына әлемнің түрлі мемлекеттерінен келген үздік спортшылардың өнерін тамашалауға мүмкіндік жасай аламыз», -деді.

Оның пайымдауынша, бұл тартысты дода боксқа деген қызығушылықты арттырып, отандық бокстың дамуына елеулі үлес қоспақ.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2013 жылы Астанада әлем чемпионатын өткізу туралы шешім 2011 жылы АИБА атқарушы комитетінің отырысында қабылданған еді.