2013 жылы қажылыққа келушілер саны 34 пайызға қысқарды

ӘБУ-ДАБИ. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Сауд Арабиясына Жидда әуежайы арқылы қажылық парызын өтеу үшін 190 мыңға жуық мұсылман жамағат келді, деп хабарлады Сауд Арабиясы Корольдігінің ресми өкілдері.

«Қазіргі сәтте біз әртүрлі елдерден 900-ге тарта рейсті қабылдадық, олармен 190 мың жамағат келді», деп хабарлады Жидда әуежайының басшысы Абдул Хамит Әл-Аба Ари жергілікті «Сабк» басылымына берген сұхбатында.

Аталған цифрлар биылғы жылы қажылыққа келушілер саны 2012 жылмен салыстырғанда 34 пайызға азайғанын білдіреді. «Біз әуе қақпасы арқылы қажылық сапарымен келушілер саны бір миллион адамнан асады деп күтудеміз», - деп қосты Абдул Әл-Аба Ари.

Меккедегі мешіттер кешеніндегі ірі құрылыс жұмыстары Сауд Арабиясы өкімет орындарын 2013 жылы қажылыққа келушілерге квотаны қысқартуға мәжбүрледі. Әлем мұсылмандарына қажылыққа квота беру 1987 жылы Корольдіктің Ислам Ынтымақтастық Ұйымының барлық мүше-елдерімен тиісті келісімі жасалғаннан кейін енгізілді. Қажыға келушілерге лимит есебі ИЫҰ-ның әрбір еліне 0,1 пайызға дейінгі қажылық сапарын қарастырады.

Бірнеше елдер Сауд Арабиясы Корольдігіне квотаны көбейтуге өтініш жасады, алайда Эр-Рияд Меккедегі құрылыс жұмыстары киелі қалаға зиярат етуге жиналған үш миллионнан астам адамды орналастыруға мүмкіндік бермейтінін мәлімдеді. Сонымен бірге Қағба айналасындағы аумақ бұрын сағатына 80 мың адамды өткізе алатын болса, биылғы жылы ол 40 адамды ғана өткізе алады.

Сауд Арабиясы мұсылмандардың қажылыққа саяси, идеологиялық немесе сектанттық уағыз мақсатында жиналуына жол берілмейтінін бірнеше рет ескерткен болатын. Биылғы жылы Таяу Шығыстың бірқатар еліндегі күрделі жағдай ушыға түсуде: Сириядағы жанжал шиеленісуде, Египеттегі және Солтүстік Африканың басқа де елдеріндегі жағдай тұрақсыз болып тұр. Сондықтан да Сауд Арабиясы билігі конфессияаралық жанжалды көздеген кез келген әрекеттіің жолын қатаң түрде кесуге ниетті.

Биылғы жылы Корольдік билігі MERS коронавирус індеті таралуына байланысты елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға да алаңдаулы.

Қажылық мұсылмандықтың иман келтіру, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру сияқты қасиетті бес парызының бірі.