Бұл туралы бүгін ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жауапты хатшысы Рустам Ахметов мәлім етті.
«2012 жылы осы салаға 208,8 млрд. теңге бөлінген болатын. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 46 пайызға көп. 2013 жылы бұл инвестициялардың көлемі 230 млрд. теңге шамасында», - деді Р.Ахметов.
Оның айтуынша, инвестициялық бағдарламалардың тиімділігі бірнеше индикаторлар арқылы бақыланып отырылады. «Бұл жабдықтардың тозуын, нормативтік шығындарды азайту, жұмсалатын отын мен энергияның көлемін төмендету. Бекітілген индикаторларға жеткен кезде ғана инвестициялық бағдарлама сәтті орындалды деп айта аламыз», - деді ол.
Жауапты хатшы атап өткеніндей, инвестициялық бағдарламаның жемісті орындалуының бір мысалы «Астана Су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бола алады. Аталмыш кәсіпорында инвестициялық бағдарлама аясында ескі қондырғылар заманауи технологиямен алмастырылды. Соның негізінде қазіргі уақытта техникалық шығындар жыл сайын азайып келеді. Негізгі құралдардың тозуы 60 пайыздан 54 пайызға төмендеді, ал апаттық оқиғалар 30 пайызға кеміген.
Айта кетейік, 2010 жылы басталған инвестициялық бағдарлама асяында «Астана Су арнасы» өз активтерін жаңғырту мақсатында 3 млрд. 200 млн. теңге инвестиция алды. Қаражат есебінен 66,5 шақырым су құбыры мен 22 шақырым кәріз жүйесі жаңасына ауыстырылды.