2013 жылы жер салығы көтерілмейді - АШМ

АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - Біз жердің жалпы салығын көтермейміз. Басты мақсат - тиімсіз пайдаланылатын жерлер үшін салық көлемін арттыру.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Қазақстан фермерлері одағы» РҚБ Орталық кеңесінің мәжілісінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Оман мәлім етті.

«Ол үшін біз бірқатар тетіктерді әзірлеуіміз қажет. Ашығын айтайын, қазіргі кезде бірнеше үлгі бар. Бірақ ол бойынша нақты шешім шығарылмаған. Негізгі тетіктерге сәйкес, бос жатқан жерлерді ұстау тиімсіз болады. Себебі ол жерге салынатын салықтың көлемі көтеріледі. Ал игерілген жерлердің салығы мемлекеттік субсидиялар есебінен өтеледі», - дейді Е.Оман.

Министрліктің жауапты хатшысы атап көрсеткендей, бұл мәселе әлі талай рет қаралатын болады. Сондықтан алдағы жылы да ауыл шаруашылығы өнім өндірушілері үшін жер салығы көтерілмейді.