2013 жылы ЖІӨ өсімі 6 пайызға болжанады - Б. Сағынтаев

АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат -2013 жылы еліміздегі нақты жалпы ішкі өнімнің өсімі 6 пайызды, 2014 жылы - 6,1, 2015 жылы - 7,6 пайызды құрайтын болады.

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстыру барысында Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

Министрдің айтуынша, 2017 жылға дейінгі болжам бойынша экономиканың орташа мерзімдегі өсімі 7 пайызда қамтылатын болады. «Жалпы ішкі өнімнің негізгі өсімі жылына орта есеппен 6,5-6,8 пайыз қарқынмен өсетін ішкі сұранысты кеңейту, сондай-ақ қазақстандық өнімге деген сыртқы сұраныстың сақталуынан қалыптасады. Номиналды ішкі жалпы өнім 2013 жылы 36,6 трлн. теңгеден, 2014 жылы 65,3 трлн. теңгеге дейін өседі деп болжануда. Жан басына шаққанда ЖІӨ 2017 жылы - 14 мыңнан астам долларды құрайтын болады. Бұл көрсеткіш 2017 жылға қарай 24 мың долларға дейін жетеді», - деді Б. Сағынтаев.

Оның айтуынша, орташа алғанда өнеркәсіптегі жылдық өсім қарқыны 5,5 пайызды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 7,1 пайызды құрайтын болады. Қызметтер саласы тұрақты дамиды. Экспорт 2013 жылы 96 млрд. доллардан, 2017 жылы 116,7 млрд. долларға дейін, импорт 2013 жылы 56,3 млрд. доллардан, 2017 жылы 92,3 млрд. долларға дейін ұлғаятыны болжанады.