2014-2015 маркетинг жылында Қазақстан 7 млн. тонна астық экспорттайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014-2015 маркетинг жылында Қазақстан 7 млн. тонна астық экспорттайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сақташ Қасенов мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда халықтың тұтынуына және мал азығына 6 млн. тонна астық қажет.

«Міне, осыны және өткен жылдан қалған бидайды ескерсек, кемінде 7 млн. тонна астықты экспортқа шығаруға әлеуетіміз жеткілікті»,- деді комитет төрағасы.

С.Қасеновтің атап өтуінше, еліміздегі элеваторлар астықты кептіру жұмыстарын бастап кеткен. Сондықтан да министрлік оларға қосымша жанармай бөлу мәселесін де қарастырып отыр.