Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева мәлім етті.
«2014 жылдан бастап кепілдендірілген алғашқы медициналық көмекті қаржыландырудың жаңа реформасы аясында медициналық қызмет үшін әрбір азаматқа ай сайын Үкімет тарапынан 800 теңге бөлінеді. Ауырса да, ауырмаса да емханаға тіркелген әрбір адамға осы деңгейде қаржы қарастырылатын болады. Бұл тұрғыда Қазақстанның азаматы жылына 50 медициналық қызметті алуына қаражат есептелген»,-деді департамент басшысы.
А. Төлеғалиеваның сөзіне қарағанда, егер де азамат өзіне тиесілі қызметті алмаса, яғни денсаулық жағдайының жақсы болуына байланысты емханаға бармаса онда аталған қаржы өзге науқас жандарға бағытталады.
«Орташа алғанда бізде халықтың 30-40 пайызы сырқатты болады және оларға аталған 50 қызметтен артық көмек қажеттілік етеді. Егер де сау адам осы қызметті қажет етпесе, онда бұл қаржы амбулаторлық деңгейде өзге сырқаттарға жұмсалады»,-дейді ол.