2014 жылдан бастап зиянды өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлерге міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төлене бастайды - Парламент

АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап айрықша және зиянды өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлерге міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төлене бастайды. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасы бойынша баяндаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.

«Заң жобасында жұмыс берушілердің еңбек жағдайын жақсартуға ынталандыру мақсатында өндірістік нысандарды аттестациялау нәтижелерімен расталған зиянды, ерекше зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары түзілген кезде жұмыс берушілерді міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босату көзделеді. Бұған қоса, заң жобасында инвестициялық портфельді басқарушы қызметін жүзеге асыру, қажетті құжаттармен қоса ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын ерікті түрде жою тәртібін регламенттеу жөніндегі нормаларды нақтылау ұсынылады», - дейді министр Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, Байқоңыр қаласының аумағында тұратын Қазақстан Республикасының әйел азаматтарын әлеуметтік қорғау мақсатында заң жобасымен Ресей федералды денсаулық сақтау ұйымы берген уақытша еңбекке жарамсыздық парағының негізінде жүктілігі мен босануына байланысты табысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау да көзделеді.