2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР-да теміржол көлігінің жол ақысы қымбаттамақ - «Жолаушылар тасымалы» АҚ

None
АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» АҚ және «Қала маңы тасымалы» АҚ 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап теміржол көлігімен жолаушылар тасымалына тарифтердің көтерілетінін жариялайды.

Облысаралық және халықаралық бағытта қатынайтын теміржол көлігімен жолаушылар тасымалдау «Жолаушылар тасымалы» АҚ барлық вагондар түріне 7%-ға; «Қала маңы тасымалы» АҚ пойыздарына да 7%-ға қымбаттайды.

Тарифтің өзгеруіне жолаушылар шаруашылығының қажеттіліктері үшін сатып алынған отын-энергетикалық ресурстар құнының айтарлықтай қымбаттауы - қатты отынмен жабдықтау құнының көтерілуі, сумен жабдықтау құнының 7%-ға өсуі, вокзал шаруашылығы қызмет көрсетуінің орта есеппен 13%-ға қымбаттауы, вагондарды күрделі жөндеуден өткізу құнының орта есеппен 48%-ға қымбаттауы, депоны жөндеудің 7%-ға, ағымдағы жөндеу жұмыстарының 7%-ға қымбаттауы әсер етті.

Жоғарыда көрсетілген факторларды есепке ала отырып, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі оны негізді деп танып, облысаралық, ауданаралық және халықаралық бағыттарға жолаушылар тасымалына 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифтердің 7 пайызға көтерілуі келісілді.

Сонымен қатар, халықтың сұранысын қамтамасыз ету және әрі қарай да көрсетілетін қызметтер сапасын көтеру мақсатында 2014 жылы «Астанадан Қызылордаға», «Алматыдан Ташкентке», «Астанадан Защитаға», «Алматыдан Защитаға» және «Алматыдан Ақтөбеге» қатынайтын бес жаңа жүрдек пойызын іске қосу, сондай-ақ, «Қостанайдан Алматыға» қатынайтын №43/44 пойызына фирмалық дәреже беру жоспарлануда.