2014 жылдың 11 айында қазақстандық салымшылардың таза инвестициялық кірісі 188,7 млрд. теңгені құрады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 11 айы ішінде бүкіл жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша қазақстандық салымшылардың тапқан таза инвестициялық кірісі 188,7 миллиард теңгені құрады. "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ (БЖЗҚ) зейнетақы активтерінің кірістілігі 2014 жылдың соңында 6,0% деңгейінде болады. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«2014 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтары 4,4 трлн. теңгеден асты. Ал зейнетақы жинақтарының өсімі жыл басынан бері 700 млрд. теңгені құрады. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне сәйкес, шарттардың барлық түрлері бойынша салымшылардың (яғни, алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 10 110 949 бірлікті құрады. Яғни, жыл басынан бергі өсім - 613 915 бірлікті құрап отыр» - делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар, соңғы 11 ай ішінде жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша зейнетақы төлемдерінің сомасы 95,4 млрд. теңгені құрады, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына аударылған сома 10,8 млрд. теңгеден асты.

Тағы бір айта кететін жайт, БЖЗҚ-да комиссиялық сыйақы жеке Жинақтаушы Зейнетақы Қорларындағы комиссиялық сыйақымен салыстырғанда екі есе төмендеді: инвестициялық кірістің 15%-нан 7,5%-на дейін және зейнетақы активтерінің айына 0,05%-нан 0,025%-на дейін.

Сондай-ақ, зейнетақы активтерін қабылдау аяқталған сәттен бастап қате зейнетақы шоттарының саны 30 мың шамасында қысқарды.

2014 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша шарттар жасасу жұмысы да одан әрі жалғасуда. Бірінші желтоқсандағы жағдай бойынша, жалпы жинақ сомасы шамамен 23,4 млрд. теңгені құрады. Ал алушылардың осы санаты үшін 342 974 ЖЗШ ашылды.