2014 жылдың 6 айында 1 млн. 307 мың әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 6 айында 1 млн. 307 мың әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің баспасөз қызметінен.

«Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 1 млн. 307 мың әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 пайызға кем», - делінген хабарламада.

Дегенмен, ведомствоның ақпаратына қарағанда, осы аралықта сауда және қаржы саласында жасалатын құқық бұзушылықтар саны 80 пайызға өскен. Жалпы, құқық бұзушылықтардың басым түрінің бірі қоғамдық тәртіпке және адамгершілікке бағытталған әрекеттер болып отыр. Олар есепті кезеңде 1,4 пайызға өсті.

Айта кетерлігі, уәкілетті органдар көп жағдайда құқық бұзушылықтарға әкімшілік айыппұл салады.

«Ағымдағы жылы алғаш рет әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу 56,7 пайызға жетіп отыр. Ал өткен жылдары ол 40-45 пайыз деңгейінде ауытқып тұрған еді. Барлық салынған 47 млрд. теңге айыппұлдың 26,7 млрд. теңгеден астамы өндіріліп алынды», - делінген ведомство ақпаратында.