2014 жылдың І тоқсанында Қазақстан-Қытай тауар айналымы 5 млрд. долларға жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 1-тоқсанында Қазақстан-Қытай тауар айналымы 5 млрд. долларға жетті. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев айтты.

Оның атап өтуінше, Қазақстан мен Қытай арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық барынша қарқынды даму үстінде. «2014 жылдың 1 тоқсанында тауар айналымы шамамен 5 млрд. АҚШ долларын құрап, 11 пайыз өсім көрсетті. ҚХР-ға экспорт 3,5 млрд. ал Қытайдан импорт 1,4 млрд. долларды құрады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бүгінде Қытай Қазақстанға қаржы құятын шетел инвесторларының үздік үштігіне кіріп отыр. Мәселен, 2005-2013 жылдары аралығында бұл елден келген тікелей инвестиция көлемі 11 млрд. АҚШ долларына жетіп жығылады. Тек өткен жылы ғана 2,18 млрд. доллар көлемінде қытай инвестиция қазақ экономикасына құйылды.

«Бұл оң серпін Мемлекет басшысы алға қойған 2016 жылы Қытаймен сауда көлемін 40 млрд. долларға жеткізу бағытындағы мақсаттарға қол жеткізуге болатындығын көрсетеді», - деді Б.Сағынтаев.