2014 жылдың соңына дейін Парламент қарауына жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі жобасы енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың соңына дейін Парламент қарауына жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі жобасы енгізіледі.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Жоғарғы соты Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі бақылаушы сот алқасының судьясы Жаңылсын Архарова мәлім етті.

«Қазіргі уақытта Жоғарғы сот жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасын әзірледі. Ол сот корпусында және заңгерлік қоғамдастық арасында кеңінен талқылауға түсті. Ондаған конференция мен семинар өткізіліп, халықаралық сарапшылар тарабынан жоғары баға алды. Ол ағымдағы жылдың соңында Үкіметке, ал осы жылдың желтоқсан айында қабылдану үшін Мәжіліске енгізіледі», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа кодекс 2015 жылы қабылданатын болады. «Яғни 2015-2016 жылдары Қазақстанда жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі қолданысқа енгізіледі», - деді Ж.Архарова.