2014 жылға дейін елімізде 21 құс фабрикасын қайта құру және салу жоспарланып отыр

АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -  2014 жылға дейін елімізде 21 құс фабрикасын қайта құру және салу жоспарлануда.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында өткен «Қазақстанда құс шаруашылығын дамытудың проблемалары мен перспективалары» атты дөңгелек үстел барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевтың айтуынша, еліміздегі құс шаруашылығының дамуын тежейтін бірқатар мәселелер орын алып отыр. Мәселен, елімізде ет және жұмыртқа бағыттарындағы отандық тұқымдар тапшылығы сезіледі. «Осының салдарынан республикамызға бір жылдың ішінде асыл тұқымды құстың 4-тен 8-ге дейінгі ататектік, аталық-аналық және соңғы түрдегі тұқымдарын тұрақты тасуына әкеп соғып отыр. Бұл үлкен қаржылық шығындарға және өнімнің соңғы өзіндік құнының жоғарылауына әсер етуде», деді вице-министр.  Оның айтуынша, соңы жылдары құс шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың жүйелі шаралары нәтижесінде салада бірқатар оң үрдістер байқалған. Алдағы уақытта бұндай қолдаулар жан-жақты қамтылатын болады.

 Сонымен бірге, алдағы уақытта құс шаруашылығына қатысты қолда бар қуаттарды қайта құру және жаңа құс фабрикаларын салу есебінен импортты қысқарту көзделіп отыр. Атап айтқанда, 2010 жылдан бастап 2014 жылға дейін елімізде 21 құс фабрикасын салу жоспарлануда. Бұндай нысандардың құрылысы мен қайта құру шаралары «ҚазАгро» холдингі тарапынан бөлінетін қаржы есебінен жүзеге асатын болады.