2014 жылға қарай Қазақстан Ресейге жылына 60 мың тонна ет экспорттауды жоспарлап отыр

АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2014 жылға қарай Қазақстан Ресейге жылына 60 мың тонна ет экспорттауды жоспарлап отыр.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен Онлайн -конференция барысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«93-94 жылдары Қазақстан жылына 347 мың тонна ет экспорттады. Атап айтқанда, біз бұған дейін осындай елеулі көрсеткіштерге қол жеткізген едік», деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Ресей нарығы 1 млн. 700 мың тонна етті құрайды. Оның ішінде жылына 700 мың тоннасы ірі қара еті. Ресейге бүгінде еттің бір қатар үлесі Бразилия мен Аргентинадан импортталатынын жеткізген А. Евниев Қазақстанның бүгіндегі мақсаты аталған екі елмен бәсекеге түсу ғана емес, сонымен қатар Кеден одағы кеңістігін сапалы өніммен толықтыру екенін жеткізді.

«Осындай мүмкіндіктерге бүгінде жол ашылып отыр және Ресей тарапымен өзара толық түсіністік бар», деді ол.

Сәуірдің 19-ында екі елдің ауыл шаруашылығы министрліктері бірлескен алқа мәжілісінде аталған мәселені талқылағанына тоқтаған А. Евниев, бұл жиын барысында Қазақстанның ет экспортына қатысты барлық мәселелер тыңғылықты қаралғанын айтып өтті.

«Атап айтқанда, Қазақстан етінің сатылуына кедергі болған барлық мәселелер талқыланды. Біздің еттің экспортына бұған дейін еліміздің 4 облысына жол ашылған болатын, енді тағы Ресей бағытындағы экспортқа 5 облыс қосылатын болады», деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, шілденің 1-не қарай еліміздің ветеринарлық қызметтері барынша дайын болуына ерекше мән беріліп отыр. А. Евниевтің мәліметіне қарағанда, 2008 жылы 900 тонна ет экспортталған. 2009 жылы 54 тонна, ал 2010 жылға 5 мың тонна етті экспорттауға мақсат қойып отыр.

«Сондай-ақ 2014 жылға қарай Ресейге еттің барлық түрлері бойынша 6 мың тонна экспорттауды белгілеп отырмыз», деді вице-министр.

А. Евниев Мәскеуде күніне 2-5 мың бас аралығында қой сойылатынын айта келе, осы тұрғыда Қазақстанда үлкен мүмкіндіктер бар екенін жеткізді.