2014 жылы әлемдегі жұмыссыздар саны 3,2 млн. адамға артады - БҰҰ

АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Халықаралық Еңбек Ұйымының деректеріне қарағанда, 2014 жылы әлемдегі жұмыссыздар саны 3,2 млн. артып, 203 млн адамға жетеді.

Бүгін Парламент Сенатында орта техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің болашағына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай деректерді келтірді.

«Сонымен қатар, жұмыс істегенімен, күндік табысы 2 долларға да жетпейтіндер саны 840 млн. адамды құрайды. Бұл ретте жұмысқа орналасуда ең көп қиындық жастарға түсіп отыр. Әлемде 24 жасқа дейінгі 75 млн.-нан астамды құрайтын жастарда жұмыс жоқ. Жұмыс іздеген адамдар басқа елдерге көшуде. Ал мұндай мигранттар саны бүгінгі таңда 250 млн. адамға жеткен», - деді спикер Қ. Тоқаев.

Осыған орай, Сенат Төрағасы кәсіптік техникалық білім беруді дамыту бұл шын мәнінде еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы үшін де маңызды екенін атап өтті. Өйткені, кәсіптік білім аталған бағдарламаны маман-кадрлармен қамтамасыз етудің негізі болып табылады.

«Осыған орай, біз ел экономикасының бүгінгі және ертеңгі қажеттіліктерін жауап беретін азаматтардың жаһандық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етіп, халықтың жұмыспен қамтылуын арттыратын кәсіптік білім беру жүйесін құруға ұмтылуға тиіспіз», - деді Сенат Төрағасы Қ. Тоқаев.