2014 жылы Астанада ИЫҰ-ның азық-түлiк қауiпсiздiгi жөнiндегi институты құрылады

АСТАНА. 11 маусым. ҚазАқпарат - 2014 жылы Астанада ИЫҰ азық-түлiк қауiпсiздiгi жөнiндегi институт құрылады.

Бұл туралы бүгiн Астанада Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердiң сараптама тобының отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрi Мүсiлiм Өмiрияев мәлiм еттi.

"Джибутиде өткен ИЫҰ мүше-мемлекеттердiң сыртқы iстер министрлерiнiң 39-сессиясында бiз аталған институтты құру туралы шешiмге қол жеткiзген болатынбыз. Сол кезде институттың жарғылық құжатын қарастыру және келiсуге арналған сараптама тобының отырысын өткiзу жөнiнде ұсыныс жасалды. Үш күнге созылатын бүгiнгi отырыста барлық мәселелер тараптармен келiсiлетiн болса, бұл құжат 2013 жылдың қараша айында ИЫҰ мүше-мемлекеттердiң сыртқы iстер министрлерiнiң келесi сессиясында қабылданады. Ратификациялық рәсiмдер жасалғаннан кейiн, 2014 жылдан бастап институт жұмыс iстей бастайды. Институттың бас штаб-пәтерi Астанада орналасады. Осылайша Қазақстан ИЫҰ мүше-мемлекеттердiң азық-түлiк қауiпсiздiк жағдайына мониторинг жасау, ұсыныстарды жинақтау, оны талдау бойынша жұмыстарды атқарады. Бұл институт халықаралық мәртебеге ие болады", - деп атап көрсеттi вице-министр.

ИЫҰ кеңiстiгiнде азық-түлiк қауiпсiздiгi жүйесiн құру туралы бастаманы Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы ИЫҰ мүше-мемлекеттердiң сыртқы iстер министрлерiнiң 38-сессиясында көтерген болатын. Сол уақыттан берi ҚР Ауыл шаруашылық министрлiгi мен ҚР Сыртқы iстер министрлiгi ИЫҰ хатшылығымен бiрге азық-түлiк қауiпсiздiгi институтын құру бойынша келiссөздердi жүргiзiп келедi.