Компания басшысының сөзіне қарағанда, бүгінде 17 орталық пен 16 жергілікті мемлекеттік органда «Е-лицензиялау» жүйесі жұмыс істейді. 2012 жылдың тамызынан бастап Қазақстанда лицензиялар 100 % электронды түрде беріледі. Бүгінде берілген е-лицензиялардың жалпы саны 30 мыңнан асты.
Сондай-ақ, «Е-лицензиялау» жүйесін Халыққа қызмет көрсету орталықтарымен ықпалдастыру нәтижесінде мемлекеттік мекемелердің жұмысын қадағалауға мүмкіндік туды. «Е-лицензиялау» жүйесіне өтініш түскен кезде оған қатысты барлық мәліметтер ХҚКО жүйесінде тіркеліп, мемлекеттік органның қызметті көрсету уақытын есептегіш құрал іске қосылады. Мемлекеттік орган қызметті белгілі уақытында көрсетпесе, әкімшілік шара қолданылады.
Сондай-ақ, Қазақстанда «бір терезе қағидасын» іске асыру жұмыстары да жалғасуда. Электрондық үкімет порталы мен салық төлеушінің жеке кабинетін және е-лицензиялау порталын өзара ықпалдастыру нәтижесінде кәсіпкерлер әртүрлі қызметтерді - анықтамалар, шот-фактуралар, кеңестер, тағы басқаларын бір жерден ала алады. Дамудың келесі сатысы - бизнес ортадағы қауіпті басқару жүйесін жасау. Еlicense.kz жүйесін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен ықпалдастыру нәтижесінде еліміздің заңға бағынушы және заң бұзушылыққа жол берген кәсіпкерлері туралы барлық мәліметтер бір жүйеге жинақталады.
Бұдан басқа, электрондық лицензиялауды мемлекеттік органдардың 27 ақпараттық жүйелерімен өзара ықпалдастырудың нәтижесінде талап етіліп келген 600 түрлі құжат қажет емес деп танылды. 2014 жылдың аяғына дейін барлық рұқсат құжаттары электронды түрде берілетін болады.
Руслан Еңсебаевтың айтуынша, е-лицензиялау жүйесі кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылдарын едәуір жеңілдетті. Бұл фактор жақын арада өткен WSIS Project Prizes 2013 халықаралық байқауында www.elicense.kz -ің ең үздік жоба деп аталуына басты себепкер болғандығы сөзсіз. Есіңізге салып өтсек, байқау 12-17 мамыр аралығында Женевада болған Ақпараттық қоғам мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі бүкіләмдік кездесу Форумы шеңберінде өтті. Байқауға әлемнің 64 мемлекетінен 280 жоба ұсынылған болатын.