2014 жылы ғарыштық міндет жүктелген қазақстандық зымыранды құруды ұсынамыз - "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорнының қызметкерлері

АЛМАТЫ. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанның ғылыми-техникалық және технологиялық дамуы мен ғарыштық державалардың қатарына ену үшін 2014 жылы ғарыштық міндет жүктелген қазақстандық зымыранды құруды ұсынамыз.

Бұл туралы кеше Алматыда өткен ғарыштық жүйелер мен кешендер жасау жобаларын ғылыми-технологиялық қамтамасыз ету туралы семинар-дөңгелек үстел жиынында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорнының қызметкері Ержан Нұрғалиевтің айтуынша, бұл зымыран мына талаптарды қанағаттандыруы керек. Жобалау, жасау, сынау және құрастыру қазақстандық кәсіпорындарда жүргізіліп, оны Байқаңыр ғарыш айлағында қазақстандық мамандар ұшыруы керек. Кейбір бөлшектері мен тораптары шетелдік дайындаушылардан алынуы мүмкін. Үшінші елдерге "Қазғарыш" ұлттық ғарыш агенттігімен тікелей келісім арқылы коммерциялық негізде қызмет көрсету.

"Ғарышқа зымыран тасымалдағыштар нарығының 90 пайыздан астамы - Arianespace, ILS және BLS компанияларының үлесінде. Алдағы 10 жылдағы бұл нарық 20-25 миллиард долларға бағаланып отыр. Бұл соманың жартысы ғарыштық аппараттарды енгізу үшін сатып алынатын зымыран тасымалдағыштарды сатып алуға жұмсалмақ. Мәселен, ILS компаниясы 2003- 2015 жылдары 150 зымыран тасымалдаушыны ұшыруды жоспарлап отыр. Оның 86-сы 2008-2015 жылдардың үлесіне тиеді. Бұл жалпы нарықтың 38 пайызы", дейді Ержан Нұрғалиев. Оның пайымдауынша, ғарыштық міндет жүктелген қазақстандық зымыранды құру елде зымыран-ғарыш саласының қалыптасуына жол ашады. "Ғарыштық міндет жүктелген және алғашқы сатыға қайтып оралатын экологиялық қауіпсіз зымыранды құрастыру" жробасының құны 1,8 миллиард еуроны құрайды. Бұл өз құнын 6 жылда ақтап шығады. Оны қаржыландыруды бюджеттен тыс ішкі және сыртқы құралдар арқылы жүргізген дұрыс. Мәселен, заемдық векселдер шығарып орналастыру, несиелік құралдар тарту және тағы басқа да жолдармен. Тек жоба мемлекет тарапынан бақыланып, жұмыс қорытындысы Қазақстанға тиесілі болуы керек.