2014 жылы Қазақстанда ЖКО-ға қатысқан 30 мыңға жуық көлік тіркелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылы Қазақстанда ЖКО-ға қатысқан 30 мыңға жуық көлік тіркелді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінде хабарланды.

Былтыр республика бойынша 20 378 жол-көлік оқиғасы (ЖКО) тіркеліп, онда 2,5 мың адам қаза болды.

«Апат қаупі ең жоғары Алматы қаласының жолдары болып отыр, онда адамдардың опат болуы мен жарақат алуына себепкер болған 5 588 ЖКО орын алды, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстанда - 3 370, Алматы облысында - 1 834, Шығыс Қазақстанда - 1 463 және Жамбыл облыстарында 1 293 осындай ЖКО болған. Аталған жол оқиғаларына 29 219 көлік құралдарының қатысы болған, оның ішінде 25 574-і жеңіл автокөліктер, 1 124-і автобустар, 1 042-сі жүк көліктері. Осы көліктердің жалпы санының 1 139-ы оң жақ рөлді автокөліктер», - делінген комитет деректерінде.

Статистика көрсетіп отырғандай, жол апаттарының себептері өзгеріссіз күйінде қалып отыр. Бұрынғысынша, ЖКО көбінесе Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілердің кінәсінен орын алуда. Мәселен, өткен жылы жүргізушілердің кінәсінен 18 923 жол апаты болған.

Дегенмен, 2013 жылмен салыстырғанда ЖКО саны 14 пайызға азайғанын және онда қаза болған адамдардың саны 15 пайызға төмендегенін атап өткен жөн.