2014 жылы Қазақстанның Кеден одағы аясындағы экспортынан оң динамикалар күтіледі - Т. Жақсылықов

АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - 2014 жылы Қазақстанның Кеден одағы аясындағы экспортынан оң динамикалар күтіледі. Бұл туралы бүгін Астанада Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім жобасын талқылауға арналған бейне-конференция барысында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықов мәлім етті.

«Соңғы үш жылда, яғни былтырды қоспағандағы 2010-2012 жылдары Кеден одағы аумағындағы тауар айналымы екі есеге артты. Нақтылап айтқанда, Ресей және Беларусь елдерімен Қазақстанның тауар айналымы 24,5 млрд. долларға жетіп отыр, оның ішінде басым үлес Ресеймен арада орын алған. Бұл ретте импорт пен экспорт көрсеткіштерінің өзгерісіне келсек, жағымсыз болжамдарға қарамастан бұл бағыттағы сандар бір деңгейде болып отыр. Өйткені, импорт пен экспорт та бірдей үш жыл ішінде 91 және 92 пайызға дейін өсіп отыр», - дейді ол.

Оның айтуынша, алғашқы 2010-2011 жылдары қазақстандық экспорт үдемелі қарқынмен өссе, 2012 жылдан бастап Ресей мен Беларусь тарапынан тауар импорты үдей түсіп, қазақстандық экспорт қарқыны баяулаған. «Солай бола тұрса да, жалпы алғанда қазақстандық экспортқа қатысты белгілі бір басымдықтар баршылық. Сондықтан да, біздің тараптың экономикалық тұрғыдан «жоғалтатыны» туралы айтылатын қауіптерге мен қосылмаймын. Айтарлықтай басымдықтар баршылық. Соған орай, 2014 жылы динамиканың оң өзгерістерін күтеміз», - деді Т. Жақсылықов.