2014 жылы Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесі толық іске қосылады

АСТАНА. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2014 жылы Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесі толық іске қосылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков мәлім етті.

Оның атап өтуінше, жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесін жүзеге асыру нәтижесінде жерді қашықтықтан зондаудың екі ғарыштық аппараты, ғарыш деректерін қабылдау және өңдеу үшін жерүсті мақсатты кешені жасалатын болады.

«Алғашқы қазақстандық дәлдігі орташа жерді қашықтықтан зондтау ғарыш аппаратын ұшыру 2014 жылдың бірінші тоқсанында, ал дәлдігі жоғары жерді қашықтықтан зондтау ғарыш аппараты 2014 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланып отыр. Келесі жылы жүйе толық іске кірісуі тиіс», - деді ол.