2015-2019 жылдарға арналған Индустрияландыру бағдарламасы 1 маусымда жасақталып бітеді - Е.Досаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі инновациялық-индустриялық даму мемлекеттік бағдарламасына 150 млрд. теңге бөлінеді.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

«2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі инновациялық-индустриялық даму мемлекеттік бағдарламасы 1 маусымда жасақталып бітеді. 2014 жылы ҮИИДБ аясында жүзеге асырылатын индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларға 150 млрд. теңге бөлінеді», - деді ол.

Оның хабарлауынша, болашақта іске асырылуы мүмкін нақты жобалар 2014 жылдың 1 маусымында талқыға ұсынылады.

«Сонымен қатар қолда бар келісімшарттарды сақтау бойынша жұмыстар жалғаса бермек және Қазақстанның экспорттық өнімдерін Оңтүстік-Шығыс Азияға, Таяу Шығысқа, Орталық Азиядағы көршілерімізге жеткізуге бағытталған жаңа келісімдерді іздестіру бойынша істер атқарылмақ», - деп түйді сөзін Е.Досаев.