2015 жылдан бастап қылмыстық сот ісін жүргізудің жаңа моделі енгізіледі - Қайрат Мәми

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдан бастап Қазақстанда қылмыстық сот ісін жүргізудің жаңа моделі енгізіледі. Бұл туралы бүгін Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифингте ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми мәлім етті.

Бүгінгі таңдағы маңызды міндеттердің бірі түбегейлі жаңа ұлттық заңнама қалыптастыру болып отырғанын баса айта келе Қ.Мәми: «Біз азаматтық істі қарауды барынша жеңілдетуге, сонымен қатар дауларды соттан тыс реттеудің медиативтік процедуралары мен басқа да шараларын кеңінен қолдану мәселелерін қарастырамыз. Ал таяу 2 жылдың ішінде әкімшілік әділеттің жаңа моделін құру жоспарланып отыр», - деді.

ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы өз сөзінде 2015 жылы Қазақстанда қылмыстық сот ісін жүргізудің жаңа моделі енгізілетіндігін де баса атап өтті.

«Ағымдағы жылы жаңа Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару кодекстерінің қабылдануы құқықтық саясат тұжырымдасын жүзеге асырудың жаңа кезеңіне айналды», - деді ол.