Бүгін Парламент Мәжілісінде еліміздің мал шаруашылығын дамыту мәселелері тақырыбында өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осылай мәлім етті.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда мал шаруашылығы саласында малдың генетикалық әлеуетін арттыру бойынша 2 бағытта жұмыстар атқарылуда. Бірінші бағыт - ірі көлемде селекция бағдарламасы аясында мақсатты селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүргізу есебінен қолда бар мал басын жақсарту. «Себебі селекциялық-асылдандыру жұмыстары жөнге қойылмаған. Жергілікті жерлерде тұқымдық бұқаларды және олардың ұрықтарын дұрыс пайдаланбағандықтан, 70 пайыз жағдайлар туыстық шағылысуға әкеп соғып отыр. Нәтижесінде, малдың өнімділігі мен асыл тұқымдылығы жағынан әзірге оң өзгерістер байқалмайды», - деді министр.
Оның айтуынша, ендігі күні бұл жағдай түбегейлі өзгерістерге ұшырайды. Бұл ретте кең ауқымды селекция бағдарламасын жүзеге асыру көзделеді. «Атап айтқанда, бұқаның бір жынысты ұрығын қолдану және эмбриондарды трансплантациялау секілді биотехнологияның өз төлінен өсіру әдістері кеңінен қолданылатын болады. Ол өз кезегінде асыл тұқымды малдың көбею коэффициентін және табынның жаңару үдерісін жеделдетеді. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта ірі көлемді селекция бағдарламасы басталды және бұл 850 ауыл шаруашылығы құрылымдарын қамтиды. Шара еліміздің аграрлық ғылымының маманданған орталығының басшылығымен шетелдік ғалымдарды тарту арқылы жүзеге асуда. Жалпы, бағдарламаны іске асырмас бұрын дамыған елдердің тәжірибелеріне сүйендік. Атап айтсақ, Германияда соғыстан кейінгі қысқа мерзімде осы әдістің негізінде мал шаруашылығының генетикалық қоры қалпына келтірілген», - деді А. Күрішбаев.
Оның айтуынша, қазіргі күні кең ауқымдағы селекция бағдарламасымен ірі қара мал ғана қамтылған. Алдағы уақытта бұл бағдарлама мал шаруашылығының басқа да салаларына енгізілетін болады. «Аталған шаралардың бәрі 2015 жылға қарай асыл тұқымды малдың үлес салмағын 3 есе арттырып, 15 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», - деді А. Күрішбаев.