2015 жылға қарай білім берудің барлық деңгейінде жан басына қаржыландыру тетігі енгізіледі

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - 2015 жылға қарай білім берудің барлық деңгейінде жан басына қаржыландыру тетігі енгізіледі.

«Мемлекеттік бағдарламаның басты міндеті -2015 жылға қарай білім берудің барлық деңгейінде жан басына қаржыландыру тетігін енгізу. «Білім туралы» Заңға барлық қажетті толықтырулар енгізілді. Аталған толықтырулар жан басына қаржыландыру тетігін орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына да пайдалануға мүмкіндік береді», - деп атап өтті бүгін Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Бақытжан Жұмағұлов.

Министр, аталған механизмді биыл Ақмола, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында сынақтан өткізуді тапсырды.

«Бұл мемлекет қаражатының тиімділігін жаңа деңгейге жеткізуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, білім саласындағы, әсіресе, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіндегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің негізіне айналады», - деді министр.

Б. Жұмағұловтың айтуынша, министрлік аталмыш қаржыландырудың тетіктерін есептеу әдістемесін әзірледі.

«Жан басына қаржыландыру жүйесін орта білім саласына енгізу - ғаламат жетістік. «Сондықтан, бұл жүйені енгізуге жан-жақты дайындық керек. Өзімізді ғана емес, қоғамды, бұқаралық ақпарат құралдарын, педагогикалық корпусты дайындау қажет. Барлық ықтимал қатерлерді алдын ала есептеп, қажетті шараларды қабылдауға тиіспіз», - деді ведомство басшысы.   

«АҚШ, Швеция, Дания, Канада сияқты елдердің тәжірибесіне сүйенсек, жан басына қаржыландыру аса тиімді. Ол мектептегі білім сапасын арттыруға және барлық аймақтарды теңестіруге мүмкіндік береді. Бізде де осылай болуы тиіс», - деп нақтылады ол.